Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген…

Мұқағали Мақатаев

Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген,
Не тындырдың «басымды иемменен?»
Оңай сөз ғой, құрбым-ау, оңай сөз ғой,
«Отан үшін өлемін, күйем» деген.

Өлім деген ерліктің қорегі ме?
Өлмей-ақ қой, бос сөздің керегі не.
…Егер Отан сыңсыған орман болса,
Жапырақ боп жармасқын терегіне.

Самалы бол, Отанның салқындаған,
Сандуғаш бол, сайратсын алтын далаң.
Семсері бол Отанның қынабында,
Сертке ұстаса, селт етпей жалтылдаған.

Шетсіз, шексіз, қиырсыз ұлы дала,
Шуақ болып шашылмай жылына ма?
Сүй Отанды.
Шыныңмен сүйіп өт те,
Гүл боп қадал ойына, қырына да!

«Жүз толғанып, күніне мың ойласам»,
Ақ басты алып анаммен шырайласам.
Қалай оны сүйем деп айта аламын,
Бірге күліп, қуанып, мұңаймасам?!

…Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген,
Іс тынбайды «жанамын, күйемменен»…
Өгей әке емес қой Отан деген,
Отанды мен Атамдай иемденем.


Пікір қалдыру